Бүгін облыс әкімі Амандық Баталов Журналистер үйінде болып, «Жетісу» телеарнасының ұжымын «Тұмар» телевизиялық байқауының «Үздік өңірлік телеарна» аталымының жеңімпазы атануымен құттықтады, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Ұжымның қуанышына ортақтасу үшін журналистер үйіне өңір басшысы Амандық Баталов арнайы келді.
Облыс әкімі өз сөзінде телеарна тілшілерін мерейлі жеңісімен құттықтап, шығармашылық табыс тіледі. — Телеарнамыздың жеңімпаз атануы — Жетісу жұртшылығы үшін үлкен қуаныш. Яғни, бұл — ұжымда нағыз өз ісінің шеберлері еңбек етіп жатқандығын білдіреді. Біз жыл сайын телеарнаның материалдық-техникалық жағынан жоғары деңгейде жабдықталуына барынша жағдай жасап келеміз. Мәселен, биылғы жылы 413 млн. теңге қарастырылып отыр. Бұдан кейін де біздің тараптан осындай қолдау шаралары жалғасатын болады. Әрдайым тек биіктен көріне беріңіздер. Жеңістеріңіз құтты болсын! – деді А.Баталов.
Мұнан соң сөз алған «Апта» бағдарламасының жүргізуші журналисі Гүлжанат Мақұлжанова, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Өлке тынысы» ЖШС бас директоры Мейрам Жанәділов, телеарна бас директорының орынбасары Серік Сарыбаев сөз алып, әріптестерін жетістіктерімен құттықтады.
Ал, «Жетісу» телеарнасының директоры Бейсен Құранбек арнайы уақыт бөліп, құттықтап келіп отырған өңір басшысына ұжым атынан ризашылығын жеткізді. Айтуынша, байқауға 14 аталым бойынша 400-ден астам үміткер қатысқан. Соның ішіндегі ең үздік өңірлік телеарна аталымын ұтып отыр. «Әрдайым көрсеткен қолдауларыңыздың арқасында осындай жетістікке жетіп отырмыз. Көп рахмет! Бұдан кейін де «Жетісудың» дайындайтын хабарлары сапалы болады», — деді Б.Құранбек.
Сонымен қатар журналистер тарапынан бірқатар ұсыныстар айтылып, облыс басшылығы тарапынан қолдау тапты. Атап айтқанда, Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Жетісу» телеарнасының Астана қаласында тілшілер қосынын ашу мәселесі қарастырылатын болды.
Айта кетейік, белгілі журналист жетекшілік ететін «Қаракет» бағдарламасы да үздік әлеуметтік жоба атанған. Осылайша отандық БАҚ-ғы маңдайалды тұлғалардың бірі қос тұмарды қолтықтап қайтты. Облыс әкімі Бейсен Абайұлын бұл жеңісімен де құттықтап, шығармашылығына табыс тіледі.
Кездесу барысында облыс әкімінің орынбасары Ж. Омар, телеарнаның бас директоры Б. Құранбек сөз алып, облыс әкімінің телеарнаға арнайы келіп, ұжымды құттықтауы журналистердің жұмысына деген құрметін көрсететінін атап өтіп, алдағы уақытта да үздіктер қатарында нәтижелі жұмыс жүргізетіндеріне сендірді.
Артынша облыстың әлеуметтік-экономикалық дамуын насихаттап, ақпарат таратқан және қазақ телевизиясының дамуына зор үлес қосқан бірнеше тілшілер облыс әкімінің алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ, «Апта» бағдарламасының жүргізушісі, журналист Гүлжанат Мақұлжанова, облыстық «Жетісу» газетінің бас редакторы Әміре Әрін, «Өлке тынысы» ЖШС бас директоры Мейрам Жанәділов, телеарна бас директорының орынбасары Серік Сарыбай сөз алып, әріптестерін жетістіктерімен құттықтады.
Осы кездесуде телеарнаның бірқатар қызметкерлеріне облыс әкімінің алғыс хаты табысталды.
Жиын соңында журналистердің бірқатар ұсыныстары тыңдалды. Өңір басшысы барлық тілектер ескеріліп, қолдау табылатындығын айтты. Яғни, Астананың 20 жылдығы қарсаңында «Жетісу» телеарнасының Астана қаласында тілшілер қосынын ашу мәселесі қарастырылмақ.