ҚР Премьер-Министрі Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов Агроөнеркәсіптік кешенді дамытудың мемлекеттік бағдарламасының 2017 жылы орындалуына жүргізілген мониторинг қорытындысы туралы баяндады, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі.
ҚР Ұлттық экономика министрлігі биыл Мемлекеттік жоспарлау жүйесіне сәйкес ҚР Агроөнеркәсіптік кешенін дамытудың 2017–2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасының орындалу барысына мониторинг жүргізді. Жалпы алғанда, 7 мақсатты индикаторға, 64 нәтижелер көрсеткішіне қол жеткізу, 95 іс-шараны жүзеге асыру жоспарланған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша 7 мақсатты индикатордың 6-на қол жеткізілді.
Мәселен, маңызды индикаторлардың бірі — азық-түлік экспортының көлемін ұлғайтуды қамтамасыз ету. Т. Сүлейменов атап өткендей, азық-түлік тауарларын экспорттау жоспары — $920 млн болса, нақты орындалу көлемі $1 млрд асты.
Жоспарланған нәтижелердің 64 көрсеткішінен 47 көрсеткіш немесе 73,4% орындалды. 95 жоспарланған іс-шараның 65-і (68%) іске асырылды. Қалғандары іске асырылу сатысында.
«Жалпы, мемлекеттік бағдарламаны іске асырудың бірінші жылының қорытындысы бойынша негізгі макрокөрсеткіштерге қол жеткізілуіне байланысты оң нәтиже көрсетілді», — деді Т. Сүлейменов.
Мәселені талқылау барысында Жамбыл облысының әкімі А. Мырзахметов, Қызылорда облысының әкімі Қ. Көшербаев, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ басқарма төрағасы Н. Мәлелов сөз сөйледі.