Алматы облысында су тасқыны қаупінің алдын алу мәселесі талқыланды

/uploads/thumbnail/20180320174228739_small.jpg

Бүгін Алматы облысы әкімінің бірінші орынбасары Л. Тұрлашовтың төрағалығымен облыстағы су тасқыны қаупі мен алдын алу шаралары туралы мәселе талқыланды. Бұл тақырып жөнінде алдымен облыстық төтенше жағдайлар жөніндегі департаменттің басшысы Дарынбек Байсариев айтып берді, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.

Департамент басшысының сөзіне сүйенсек, 23-25 ақпан аралығында облыс аумағында еріген қар суы тұрғын үй аулаларына кіру фактілері Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Талғар аудандары мен Талдықорған қаласында тіркелді. Қар суының аулаға кіруінің ең бірініші себебі арық жүйелерінің болмауынан, бұрыннан бар ирригациялық каналдардың бұзылуы немесе үстіне басқа құрылыстардың жүргізілуі болып отыр.

«Бұл өз кезегінде аудан, қала әкімдерінің өздеріне жүктелген міндеттерді жауаптылықпен атқармағанынан туындап отыр. Тұрғындар арасында арықтарды тазалау, қарды үй маңы аумағынан шығарып тастау туралы түсіндіру жұмыстарын жүргізу керек. Сол сияқты арық-каналдарды, су жіберу құбырларын тазалау ісі де өз деңгейінде емес. Әсіресе, Райымбек, Кербұлақ, Жамбыл аудандары бұл бағытта өздерін қамшылауы тиіс», - деді Д. Байсариев. Сонымен қатар Казгидрометтің болжауынша, алдағы күндерде +15 градусқа дейін көтеріліп, екі күн қатарынан жауын-шашын болатынын да ескертті.

Барлық аудан, қала әкімдеріне сөз беріліп, олар өз аумақтарындағы өзен-көлдер суларының деңгейі тұрақты бақыланып, тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылып отырғанын, арықтарды, каналдарды тазалау жұмыстары жүргізіліп жатқанын, жедел әрекет ету отрядтары құрылып, құрамы, техникасы әзір екенін баянадады.

Талғар, Іле, Қарасай, Жамбыл аудандары да су кірген аулалардан су шығару жұмыстарының жедел ұйымдастырылғанын, адам күші мен арнайы техника жұмылдырылғанын айтты.

Жиын соңында Л. Тұрлашов:

- Көктемгі су тасқынының алдын алу шаралары - жыл сайын жасалатын жұмыс, аудан, қала әкімдері үшін жаңадан бастап жатқан шаруа емес. Сондықтан әр әкім өз өңірлеріндегі өзен-көлдердің, арық, каналдардың жағдайын, қауіп қай тұстан келуі мүмкін, қай жерлерді бекіту керек деген сияқты жағдайды әбден меңгеріп алуы керек. Отрядтардағы адам күші, техникалар мен құралдар – барлық ресурстарыңыз дайын болсын. Барлық су қоймаларының жағдайын бағамдап, қорытынды дайындаңдар. Өңірдегі гидротехникалық ғимараттардың су жинау көлемін айқын біліп отырыңыздар. Арықтар мен каналдарды қардан, қоқыстан тазалау үшін жер-жерде арнайы сенбіліктер ұйымдастыру керек. Алдағы күндерде күннің жылынатыны, жауын-шашын болатыны болжанып отыр. Сондықтан су тасқыны қаупінің алдын алу жұмыстары күн тәртібінен түспейді. Қайта бұл шараларды барынша күшейтуіміз керек, - деді қорытынды сөзінде.

Связанные Статьи