1 наурыз Алғыс айту күніне орай Қаратал ауданы Бастөбе жотасының етегіне кәрістер орнатқан «Қазақ халқына мың тағзым» монументінің алдында Алматы облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ұйытқы болуымен салтанатты жиын өткізілді. Шараға жиналған көпшілік алдымен репрессия жылдарында құрбан болғандардың рухына тағзым етіп, монументке гүл шоқтарын қойды, деп жазады Qamshy.kz ақпарат агенттігі Алматы облысы әкімдігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасай отырып.
Митингіде Қаратал ауданының әкімі Рауан Рақымбеков, облыстық ҚХА төрағасының орынбасары, хатшылық меңгерушісі Ғабит Тұрсынбай, әзірбайжан этномәдени орталығының төрайымы Асылы Осман, Қаратал ауданының Құрметті азаматы, Корей ардагерлер кеңесінің мүшесі Валентина Ин Алғыс айту күнімен жиналған қауымды құттықтап, ізгі тілектерін білдірді. Олардың барлығы бірауыздан елдің береке-бірлігін, тыныштығы мен табысын еселеуге атсалысып, тәуелсіз Қазақстанның тұғырын нықтауға белсене қатысатындықтарын айтты және көпшілікті де соған шақырды.
Мұнан соң Ғ. Тұрсынбай бірқатар қараталдық азаматтарға марапаттар тапсырды. Митинг соңы мектеп оқушылары әзірлеген «Қазақ халқына тағзым» атты көркем әдеби композициямен аяқталды.