«Той любой ценой» фильмі не туралы?

/uploads/thumbnail/20180320174342662_small.png

«Тойың тойға ұлассын», «Қазақтың тойы бітпесін». Бұл – қазақтың құлағына әбден сіңген сөздер. Бар жиған-тергенін тойға жұмсайтын қазақтар оны тегін жасаса қалай болар еді? Режиссер Қанағат Мұстафиннің бастамасымен түсірілген «Той любой ценой» комедиялық фильмінде қазақ отбасы ұзату тойын жасау үшін қалтасынан бір тиын да шығармайды.

Бүгінде кез келген кинотеатрға кірсең, отандық фильмдер арасында әжептәуір таңдау тұрады. Бір күнге бірнеше қазақ фильмінің тізіліп тұрғанын көргенде кеудеңді қуаныш кернейді. Сол тізімнің қатарына 21 наурыздан бастап «Той любой ценой» фильмі қосылатын болады. Кеше бұл фильм журналистерге көрсетілді.

Фильм желісі бойынша жергілікті телеарнада жұмыс істейтін Мақсат қарындасының ұзату тойына арналған ақшаны таксиде ұмытып кетеді. Алайда отбасын ренжітіп алмас үшін той қамын толықтай өз мойнына алады. Себебі тойға бір күн қалған. Бұл уақыт Наурыз мейрамына сәйкес келгендіктен, телеарна режиссері қызметкерлерге мерекелік шоу-бағдарлама жасауды тапсырады. Мұны пайдаланған Мақсат бір оқпен екі қоянды атады. Телеарна студиясында бір жағынан қарындасының ұзату тойын жасаса, екінші жағынан той тікелей эфирден бағдарлама ретінде көрсетіледі.

Фильм соңында таксиші жоғалған ақшаны иесіне қайтарып, ал жігіт сүйгенімен қауышады. Ал үстіне шапан киген таксишінің Қыдыр ата екені белгілі болады. «Наурызда тек ғажайып орнайды» деген идеяны алға тартқан кино көрерменнің көңілін бірден баурады. Мұны көрсетілім біткеннен кейінгі халықтың пікірінен байқадық.

«Қазақ киносына әдемі комедия келді. Биыл түсірілген комедиялық фильмдердің ішінде қазақтың салт-дәстүрін жаңа үлгіде көрсетіп, оны керемет жеткізе білді», - деп әсерімен бөлісті бір көрермен.

Режиссер Қанағат Мұстафин бұл жобаның 5-6 жыл бұрын дайындалғанын айтты. «Басты мақсат – төл мерекеміз Наурызды насихаттай отырып, халықтың көңілін көтеру», - дейді режиссер.

Қанағат Мұстафинмен қоса режиссер Айдын Самахан да аталмыш жоба аясында жұмыс істеді. Алғашында фильмнің атауы «Жаңа бақыт» деп аталған, кейін «Ерекше той» деп аталды. Ақыр соңында жоба авторлары келісіп, «Той любой ценой» деген атауды жөн санаған.

Фильм орыс тілінде түсірілгенімен, режиссерлер қазақ тілінде дубляж болатынына сендірді.

Айта кетейік, Мақсаттың рөлінде Шәріп Серік, қарындасының рөлінде Ақбота-Нұр Сейтмағамбет ойнады. Ал олардың ата-анасының рөлі өнерлі жұп Данагүл және Азат Сейтметовтерге бұйырды.

Связанные Статьи