27 мамыр күні 30 жастағы әйел азаматтық некедегі күйеуін жанжал үстінде бауыздап өлтірген, деп хабарлайды Qamshy.kz ақпарат агенттігі Солтүстік Қазақстан облысы ІІД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Бейресми деректерге сүйенсек, ер адам әйеліне спирттік ішімдік сатып алуға ақша беруден бас тартқан. Ашуға булыққан әйелі қолына түскен суық қарумен азаматтық некедегі күйеуін бірнеше жерден пышақтаған. Алған жарақаттарының әсерінен ер адам оқиға орнында жан тапсырған. Жергілікті полицияның мәліметінше, қазіргі таңда кісі өлтіру фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Өткен жексенбіде Петропавл қаласында "адам өлтіру" фактісімен 30 жастағы әйел адам ұсталды. Ол өзінің азаматтық некедегі күйеуін пышақпен жаралап, бауыздап өлтірген. Қазіргі таңда ҚР Қылмыстық кодексінің 99-бабының 1-бөлігіне сәйкес сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Солтүстік Қазақстан облысы ІІД баспасөз хатшысы Динара Сағындықова.