25 мамыр – еліміздегі барлық орта білім беру мекемелері үшін ерекше күн. Өйткені, дәл осы күні кезекті оқу маусымы аяқталып, мектеп оқушылары үшін соңғы қоңырау соғылады.
Биылғы соңғы қоңырау салтанаты Семей қаласындағы физика-математика бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебі үшін тарихи оқиға деуге болады. Себебі, биыл білім ошағы қабырғасынан 12 сыныпты аяқтаған алғашқы түлектер үлкен өмірге қанаттанбақ.
Жалпы осы жылы мектепті 7-12-сынып аралығында білім алатын 693 оқушы ойдағыдай аяқтап отыр. Мектеп бітіруші түлектер саны -137 бала. Олардың 5-уі «Алтын белгіге», 29-ы «Ерекше аттестаттан» үміткер.
Қазіргі күннің өзінде 14 түлек шетелдік және отандық маңдайалды оқу орындарының гранттарын ұтып алды.
Олардың арасында Гонконгтағы Баптист университеті, Абу-Дабидегі Нью-Иорк университеті, Лойола Мэримаунт университеті, Торонто университеті, Санкт-Петербургтегі ақпараттық технология, механика және оптика ұлттық зерттеу университінен бөлек еліміздегі Халықаралық Бизнес университеті, Ақпараттық технология халықаралық университеті, КИМЭП сынды білім ошақтары бар.
Бүгінгі өткізілген соңғы қоңырау шарасы Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламасының сонымен қатар, Елордамыз Астананың 20 жылдығы, «Назарбаев Зияткерлік мектептері» ДББҰ 10 жылдығы аясында орайластырылып отыр.