Орал қаласындағы №2 сот ғимаратында жуырда ашылған медиация кабинеті өз жұмысын жүйелі жалғастырып келеді.
– Бүгінде еліміздегі сот жүйесіндегі реформалардың бірден-бір көрінісі медиация рәсімдерінің жүргізілуі болып табылады. Даулардың медиация арқылы шешілуінің мәні мен маңызын арттыру барысында татуласу кабинеті ашылып отыр. Бұл кабинетте татуласуға жататын талап-арыздар бойынша дауласушы екі жақты бес күн ішінде келісімге келтіруге барлық мүмкіндік қарастырылады. №2 сот облыстағы жалпы азаматтық істердің 75 пайызын қарайды. Яғни төрт істің үшеуі осында қаралады. Қалған төрт істің біреуі аудандық соттардың еншісінде. Олардың барлығы дерлік, яғни 50 пайыздан астамы медиациялық келісім, бітімгершілік келісім арқылы және сот медиациямен шешіліп жатыр, – дейді БҚО сотының төрағасы Бек Әметұлы.
Татуласу кабинетіне татуластырушы судья ретінде Алтын Айтуарова тағайындалған болатын. Бұл кабинетте ажырасуға, мүлікті бөлісуге, тұрмыстық және еңбек дауларын шешуге арналған азаматтық істерге қатысты екі тараптың талап-арыздары қаралатын болады. Екі айға дейін созылатын сот талқылауына қарағанда, сотқа дейінгі татуласу тараптарға сотта әуре-сарсаңға түспеуге, уақытты және сотқа жүгінуге байланысты шығындарды үнемдеуге мүмкіндік береді. Әсіресе, өзара келісу арқылы екі тараптың тату қарым-қатынасы сақталатын болады.
– Жоғары сот төрағасының өкімімен татуластыру рәсімі бойынша пилоттық жоба қолға алынған еді. Бұл татулас кабинеті өз жұмысын ағымдағы жылдың 10 мамыры күні бастаған болатын. Осы аралықта менің қарауыма 68 азаматтық іс түсіп, 13 іс медиация арқылы шешілді. Мен №2 қалалық сотқа түскен азаматтық істерді қараймын. Сотқа түскен арызды сот өндірісіне қабылданбастан бұрын бес жұмыс күні ішінде тез әрі екі тараптың өзара келісімімен шешуім қажет. Жоғарыда қаралған істерді санаттарға бөліп айтсақ, сегізі ажырасу жөніндегі талап-арыз, екеуі жол-көлік оқиғасы бойынша келтірілген зиянды өндіріп алу, біреуі ар-намысты қорғау және екеуі қарызды қайтарып алу жөніндегі істер болды, – дейді №2 Орал қалалық сотының судья-медиаторы Алтын Айтуарова. .
Татуласу кабинеті облысымыздағы медиаторлардың өзара тәжірибе алмасып, ой бөлісетін әдістемелік орталық ретінде де қызмет ететін болады.