2019 жылғы 1 қаңтардан бастап мемлекет басшысының Қазақстан халқына жолдауында берілген тапсырмасы аясында Ақтөбе облысының 70 мыңнан аса тұрғынының айлығы өседі.
Бұл туралы облыс әкімдігінде өңір басшысы Бердібек Сапарбаевтың төрағалығымен өткен жиын барысында мәлім болды.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Президенттің ең төмен еңбекақы мөлшерін 42,5 мың теңгеге дейін көтеру туралы тапсырмасын тиімді орындау үшін облыста экономиканың барлық секторларындағы еңбекақыны төлеуге қатысты ағымдағы жағдайын талдайтын арнайы жұмыс тобы құрылды.
Нәтижесінде 42500 теңгеден аз айлық алатын 70 мың адам анықталды, олардың 32 мыңы бюджет саласының қызметкерлері. Мәселен, білім беру саласында 25 мыңнан аса қызметкердің еңбекақысы орташа алғанда 48 мың 600 теңгеге дейін көтеріледі деп күтіліп отыр. Сондай-ақ, облыс бойынша 15 872 жекеменшік компания бар. Ол жерлерде айлығы 42 500 теңгеден аз 39 мыңға жуық адам еңбек етеді.
Баяндаманы тыңдап шыққан облыс әкімі ең төмен еңбекақыны көтеру туралы бастамаға кіретін азаматтардың нақты санын анықтау жұмыстарын жалғастыруды тапсырды.
- Бұл өте күрделі сұрақ. Оны шешу үшін формалды түрде әрекет етпеу керек. Тек статистикалық мәліметтерге ғана сүйенбеңіздер, істің жағдайын сол жерде тексеріңіздер. 1 қаңтардан бастап барлық жұмыс берушілер Елбасы тапсырмасын орындаулары қажет,-деп атап өтті Бердібек Сапарбаев.