Ақтау қаласындағы лифт шаруашылығының жағдайы туралы Маңғыстау облысы әкімінің аппарат жиынында қала әкімі Ғалымжан Ниязов баяндады.
Оның айтуынша, Ақтау қаласының ескі тұрғын-үй қорында, яғни 2002 жылға дейін салынған 174 үйде 337 лифт бар. Стандартқа сәйкес жолаушы таситын лифтілердің жұмыс жасау мерзімі 25 жыл болып белгіленіп, содан кейін олар жаңғырылуы немесе пайдаланудан шығарылуы тиіс. Қаладағы алғашқы тоғыз қабатты тұрғын үйлер 1968 жылдан бастап салынғанын ескерсек, сол үйлердегі лифтілерге бүгінгі таңда 50 жыл болған.
«Ескі тұрғын үй қорындағы 174 үйде бір лифтіден жұмыс істеп тұру үшін Ақтау қаласының әкімдігі 2014-2018 жылдарға 108 лифтіні ауыстыруға жоспар жасаған болатын. Осыған байланысты жұмыстар жүргізіліп, мемлекеттік бюджеттен қаржы бөлініп, 2014 жылы – 23 лифт, 2015 жылы – 24 лифт, 2016 жылы – 48 лифт, 2017 жылы – 33 лифт ауыстырылды. Осы кезеңде жұмыс істеу мерзімі біткен, ауыстыру кестесіне кірмеген 20 лифт қосымша ауыстырылып, барлығы 128 лифт ауыстырылды. 2019-2020 жылдары бірінші кезекте ауыстырылуды қажет ететін лифтілерді бюджет есебінен ауыстыруды жоспарлап отырмыз. Бір лифтінің бағасы шамамен 7-8 млн. теңге», - деді қала әкімі.