Қонаев пен Алматы арасында LRT құрылысы салынуы мүмкін

/uploads/thumbnail/20250417115535585_big.webp

Алматы облысы әкімдігінің өкілдері мен Оңтүстік Кореяның RETD CO., LTD компаниясы делегациясы Алматы мен Қонаев қалаларын жалғайтын жеңіл рельсті көлік (LRT) желісі жобасын талқылады. Жоба заманауи магнитті ілініс (маглев) технологиясын қолдануды көздейді.

Кездесуде Алматы облысы әкімінің орынбасары Рустам Исатаев көлік инфрақұрылымын дамытудың стратегиялық маңызына тоқталып, өңірдің инвестициялық әлеуеті туралы айтты.

– Алматы облысы – инвестициялық және инфрақұрылымдық әлеуеті жоғары, қарқынды дамып келе жатқан өңір. Біз көлік қолжетімділігін арттыруға және тұрғындардың өмір сапасын жақсартуға басымдық береміз. Маглев технологиясын қолданатын LRT жобасы – осы бағыттағы маңызды қадамдардың бірі, – деді Рустам Исатаев.

Кездесуге қатысқан RETD CO., LTD компаниясының атқарушы директоры Ли Чан Ук өз сөзінде маглев технологиясының артықшылықтары мен компанияның Азия елдеріндегі ұқсас жобалардағы тәжірибесімен бөлісті.

– Біздің тәжірибеміз бен технологиямыз Қазақстан үшін пайдалы болады деп сенеміз. Маглев – бұл болашақтың көлігі, және біз Алматы облысының ауқымды дамуына үлес қосуға дайынбыз, – деді Ли Чан Ук.

Маглев (магниттік левитация) технологиясы арқылы қозғалатын пойыздар рельске тимей, ауада "қалқып" жүретіндіктен, жоғары жылдамдық пен үнсіз қозғалыс секілді бірқатар артықшылыққа ие. Сондай-ақ, бұл жүйе экологиялық таза көлік ретінде танылып отыр.

Алдағы уақытта тараптар жобаны нақтылау, техникалық-экономикалық негіздеме әзірлеу және инвестициялық тетіктерді пысықтау бойынша бірлескен жұмысты жалғастырмақ.

Связанные теги :

Связанные Статьи