«Лайк» баспағаны үшін ескерту: Шымкенттегі «Жастар ресурстық орталығында» дау шықты

/uploads/thumbnail/20250417124455264_big.webp

Шымкент қаласындағы «Жастар ресурстық орталығында» ішкі тәртіп пен қызметкерлерге көрсетіліп жатқан қысымға қатысты шу шықты. Яғни, орталық қызметкерлерінің бірнешеуі анонимді түрде шағым түсіріп, басшылық тарапынан әлеуметтік желілердегі белсенділігіне байланысты қысымға ұшырап жатқандарын айтады.

Бұл туралы алғаш болып жергілікті блогер Азат Дидарбек өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында жазды. Оның мәліметінше, орталық басшылығы қызметкерлерден мекеменің парақшаларындағы жазбаларға міндетті түрде лайк басып, пікір қалдырып отыруды талап еткен. Бұл талап орындалмаған жағдайда ескерту жасалып, қызметкердің есімі арнайы тізімге ілінетін болған.

— Кейбір қызметкерлер әлеуметтік желідегі белсенділігі үшін сөз естіп, тіпті «ескерту» алған. Жүйкесі сыр бергендер бар. Бүгін ғана орталық қызметкерлерінің бірі қысымға шыдай алмай, есінен танып қалды. Жедел жәрдем шақырылып, алғашқы медициналық көмек көрсетілді, — дейді Азат Дидарбек.

Оның айтуынша, мекеме басшылығы жастар саясатын жүргізудің орнына, ұжым ішіндегі тәртіпті әлеуметтік желідегі белсенділік арқылы бақылауға тырысуда. Бұл жағдай «Жастар ресурстық орталығы» сынды қоғамдық маңызы бар мекеменің беделіне нұқсан келтіруде.

Ресми пікір

Аталған жағдайға қатысты Шымкент қалалық ішкі саясат және жастар істері жөніндегі басқармасының басшысы Айгерім Жұмағұлова түсініктеме берді. Ол бұл мәселеден толық хабардар екенін мәлімдеді.

— Алаңдап, сілтеме жіберіп отырғандарыңызға рахмет. Бірақ әрі қарай жіберудің қажеті жоқ. Мен жағдайдың алғашқы жариялануынан бастап хабардармын. Өзіме жұмыс жоспарын белгіледім. Жағдай бойынша шешім әділетті және объективті түрде қабылданады, — деді басқарма басшысы.

Қазіргі уақытта оқиғаға қатысты қосымша мәліметтер анықталып жатыр. Қызметкерлер құқығының бұзылу деректері расталған жағдайда, тиісті шаралар қабылдануы мүмкін.

Связанные Статьи