«АЛМАС ҚЫЛЫШ» «АЛМАЗНЫЙ МЕЧ-ТІҢ» ТАСАСЫНДА ҚАЛДЫ

/uploads/thumbnail/20170709192727824_small.png

Бүгін Рүстем Әбдірәшовтың «Алмас қылыш» фильмі көрерменге жол тартты. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» трилогиясы бойынша түсірілген «Қазақ елі» жобасының алғашқы бөлімі - «Алмас қылыш» фильмі кинотеатрлардан көрсетілетін болды. 

Ернар Алмабек facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында былай деп жазыпты: "Kino.kz сайтында көрсетілген кестеге сенсек, Алматы қаласы бойынша 10:40 пен 00:40 арасындағы 73 сеанстың 55-сі орысша, тек 18-і қазақша екен. Бүгін фильмге үйде немере бағып отырған әке-шешемді жіберемін деген жоспар болған. Жоспар бойынша, біз жұмыстан келгенде ол кісілер үйдің жанындағы АДК-ға барып, кино көрулері керек еді. Бірақ АДК-дағы 4 сенастың біреуі ғана қазақша екен, оның өзі 18:20-ға қойылған. Бұл уақыт бізге ыңғайсыз, өйткені жұмыстан келіп үлгермейміз. Сол себепті басқа кинотеатр қарастыру керек. Ал енді қызықты қараңыз. Бәрін есептеп, сегізден кейінгі уақытты іздестірдім. Сегізден кейін қазақ тілінде тек екі сеанс бар екен. Бірі 20:35-те "Арманда", екіншісі 23:30-да "Спутникте". Екі кинотеатр да үйге жақын емес. Бізді қойшы, әке-шешем бүгін бармаса, ертең жіберермін. Болмаса, демалыс күні. Бірақ дәл мынадай ыңғайсыздықтың туғанына ренжулімін. Кей кинотеатрларда қазақша сеанс мүлде жоқ. Басқа-басқа, дәл осы фильмге келгенде мұндай жағдай болмауы керек еді ғой?".

Орын алған олқылықтың себебін білу үшін "Қамшы" порталы «Қазақфильм» АҚ-на хабарласты. Онда «Қазақфильм» киноны жарнамалау және прокаттаумен айналыспайтындарын жеткізді. Белгілі болғандай «Қазақфильм» түсірген туындысын «SulpakCinema»-ға  жібереді екен. Енді оның ары қарайғы тағдыры аталмыш компанияның қолында. Алайда «SulpakCinema»-да фильмдердің көрсетілу уақытына жауап бермейтін болып шықты Оны кинотеатр басшылығы өзі шешеді дейді «SulpakCinema» компаниясының киноны прокаттаумен айналысатын менеджері Александр Крылов.

Александр Крылов: «Біздің міндетімізге тек фильмдерді кинотеатрларға жіберу ғана кіреді. Ал оны қай уақытқа қоятынын өздері шешеді. Егер қазақ  тілді сеанстар аз болса, демек сұраныс жоқ. Орыс тілді аудитория көп болғаннан кейін орыс тілдегі нұсқасы көбірек көрсетіледі. Оның үстіне фильм прокатқа бүгін ғана шықты. Менің пайымдауымша, кинотеатрлар бастапқы кезде фильмнің қай нұсқасы көбірек көрсетілетінін байқайды. Көрерменнің келуіне байланысты алдағы уақыттары нақты сеанстарын белгілейтін болады. Біз өз тарапымыздан кинотеатрларға «Алмас қылыш» фильмінің қазақ тіліндегі нұсқасы көбірек берілсін деген мағынадағы уәждемелік хат жібереміз».

Алайда кино өнім  халық кинотеатрға аз келетін уақытқа қойылғанын ескерсек, күндіз жұмыс пен оқудағы қазақ тілді көрермен кинотеатрға бара алмайды. Осыдан кейін кинотеатр басшылығы қазақ тілді жобаларды үнемі екінші сатыға қоятыны анық.

2007 жылдың 27 мамырында ҚР «Мәдениет туралы» заңына толықтырулар енгізіліп, заңда «Прокаттау мақсатында ҚР аумағына әкелінетін барлық фильмге 2012 жылдың 4 қаңтарынан бастап қазақ тілінде дубляж жасалуға тиіс» деп көрсетілді. Содан бері көптеген фильмдер, мультфильмдер қазақ тілінде шыға бастады. Мәселен, алғаш рет қазақ тілінде дубляждалған «Көліктер-2» мультфильмі. Статистикалық мәліметке сүйенсек, аталмыш мультфильмнің қазақша нұсқасына 25 000 адам келген. Сарапшылар оның өте жақсы көрсеткіш екенін айтады. Ал тұңғыш рет қазақ тілінде дубляждалған «Қара киімділер-3 "фильмі еліміздің халық ең көп орналасқан қалаларының бірі Алматыда 215 сеансы көрсетілді. Оның тек 29-ы ғана қазақ тілінде болды. Пайыздық көрсеткішпен есептесек 13% ғана құрайды.  Ол кезде де «Қара киімділер-3» көруге қолайсыз уақытқа белгіленген. Яғни, 25-і таңертең және күндізгі уақытта көрсетілген болатын. Тек екеуі ғана прайм таймға бекітілген. Дәл сол секілді «Батыл жүрек» мультфильмі  Қазақстан бойынша 308 рет көрсетіліпті. Оның 65 сеансына қазақ тіліндегі нұсқасына орын берілген және еліміз бойынша тек 10 ғана прайм таймда көрсетілді. Кинотеатр басшылары «қазақ тілді аудитория тар болғандықтан, орыс тілді дубляждалған фильмді көбірек береміз», - деген уәж айтты. Алайда, қазақ тілді фильмдерді көрермен жылы қабылдауда. Отандық режиссерлер де  қоғам сұранасына сай қазақ тілді фильмдерді көптеп түсіріп жатыр. Мамандар уақыт өте келе екі тілді кино өнімдер де өмір сүруін тоқтатады деген ойда. Мәселен, кезінде отандық «Жаужүрек мың бала» фильмінің қазақша нұсқасын тамашалаған көрермендер өте көп болғанын да ескеру қажет.

  Ең алғаш қазақ тілінде шыққан фильм 1938  жылы түсірілген  «Амангелді» туындысы. Ал Кеңес өкіметі дүркіреп тұрған тұста қазақстандық кино өнімдердің барлығы орыс тілінде түсіріліп, Мәскеуде арнайы комиссиядан өткеннен кейін ғана қазақ тілінде дубляждалатын. Отандық өнімдер көрерменге жол тарту үшін режиссерлер фильмді орыс тілінде түсіруге мәжбүр еді. Алайда, одан бері қанша уақыт өтті. Қазақстан өз тәуелсіздігін алып, шекарасын бекітті. Жылдан-жылға сапалы отандық кино өнімдердің қатары көбеюде. Қазіргі таңда кітап оқығаннан гөрі теледидар көріп немесе кинотеатрдан кезекті премьераны тамашалауды жөн көретін жастарды мәдениетті әрі әдемі тілде жеткізілген сөз арқылы шұбарланған ауыз екі тілді жақсартуға да киноның  тигізер әсері мол екенін байқаймыз.

Соңғы 10 жыл ішінде кинотеатрлардағы көрерменнің саны 15 есеге өскен. Алдағы уақытта кинотеатр көрермендерінің саны одан да артуы ықтимал. Кинотеатрға келушілердің 80 пайызы 30-ға дейінгі жастар екенін ескерсек, қазақ тілінде дубляждалған фильмдер арқылы жастарды ана тілімізге баулуға, ұлттық рухты көтеруге таптырмас құрал екені сөзсіз.

Қамшыгер: Әсем Әлмұханбет

           

 

 

 

 

 

Связанные Статьи