Талғарда болған Шерзат Болаттың қазасына қатысты істің сот отырысында Шерзаттың анасы Гүлбара Бишімбиевадан жауап алынды.
Қайғылы оқиға түні Гүлбараға күйеуі Қаржаубай қоңырау шалып, "Шерзат біреуді ұрып қойды, Нұрқанатты оятып, жібер" деп хабар берген.
Нұрқанатты ояттық. Ол орнына тұрып, көлікпен дүкен жаққа кетіп қалды. Бес минуттан кейін Қаржаубайға қайта хабарластым. Ол "бәрі жақсы, шешіп жатырмыз" деді. Шыдамай әжесімен шығып кеттік. Такси мекенжайды білмейді екен. "Қамажай" дүкеніне 5-10 минутта жолды көрсетіп жеттік. Сол жерде 10-15 адамды көрдік. Екі қыз бар екен арасында. Сол жерде біреуі "делайте!" деп айқайлады. Бірінші Дарханды бастады – Шерзатты бетінен ұрды. Шерзат шегініп, қайта ұрды. Анау жерге құлап түсті. Ахметті Абзал ұрды. Бұлар жабыла кетті. Нұрқанат сол кезде Ахметті тартып алып қалды, – дейді Шерзаттың анасы.
Оның айтуынша, бәрі Шерзат пен Нұрқанатқа жабылып кеткен. Әжесі "балаларым қойыңдар" деп айғайлаған кезде, оны итеріп жіберген.
Абзал мен Нұрбол сол кезде мені ұстап жібермей қойды. Абзал мен Нұрболға "балама тимеңдерші, анасымын" деп өтіндім. Абзал “аузыңды жап, сені де өлтіремін" деді. Екі қызға қарап, "скорая мен полиция шақырыңдаршы" деп едім. Олар ештеңе істеген жоқ. Жұлқынып шығып кеттім. 7-8 адам жабылып жатыр екен. Шерзат артқа шегінді де құлады. Мама "мынаны қараңызшы" деді. Сол кезде Шерзаттың денесінен қан аққанын көрем. Сол кезде денесіне пышақ кіргенін түсіндім. Нұрқиястың қолынан мылтық барын көрдім. Нұрқанат өзін тепкілеп болғаннан кейін Шерзаттың ауыр халде жатқанына қарамастан бізге қарай бет алды. Нұрқияс Нұрқанатты да ұрды. Нұрқияс басынан Шерзатың басы мен желкесінен 3-4 рет ұрып жатқан кезде оң қолымды тостым. 3-4 рет ұрды. Айғайлағаныма да қараған жоқ. Нұрқияс "тыныш тұр, сені де ұрамын" деді. Қаржаубайды сол кезде Дархан бетінен бөтелкемен ұрған. Шыңғыс артынан пышақ салған, – дейді Гүлбара Бишімбиева.